ЖАҢАЛЫҚТАР

30-04-2020

Қ. Мәми,

Қазақстан Республикасы

Конституциялық Кеңесінің Төрағасы

 


Конституция үстемдігі әрқашан назарда болуы тиіс

1. Құрметті Қайрат Әбдіразақұлы, қазіргі кезде әлемде ахуал аумалы-төкпелі. Осындай жағдайда мемлекеттің ықпалды әрекетінің Конституция нормаларымен байланысына тоқталып өтсеңіз.

Иә, әлемнің түкпір-түкпірінде короновирусқа қарсы оқшаулау режимі кіргізілгенін бәріміз басымыздан өткеріп жатырмыз. «Көппен көрген ұлы той» демекші, бұл індеттің шешімін халықаралық қауымдастық болып іздеп жатыр. Бізде де мемлекет басшысы, үкімет, тиісті органдар аталған дертпен күресте бар күшін салып жатыр. Құдай қаласа, осы сыннан да өтерміз.

Ал, “Аумалы төкпелі”- деген тіркесіңізбен келісу қиын. Қазіргі ахуал төңкеріс немесе саяси дағдарыс емес, бұл әлемге келген медициналық қатер. Қатерлі вирустың пайда болу себептері мен оған қарсы вакцинаны жасау бойынша дүние жүзінде мамандар жұмыс істеуде. Мұндай ауыртпалықтар адамзат тарихында болып тұрған. Оба, шешек сияқты індеттердің залалын халқымыз басынан өткерген. Сол кездерде де үлкен адам шығындары болғаны тарихтан белгілі.

Төтенше жағдай кезінде әрбір мемлекетте Конституция мен заң шеңберінде өздеріне берілген функцияларына сәйкес қорғану шараларын қолдану мүмкіндігі болуы керек.

Осы орайда біздің үкімет те індетке қарсы алдын алу шаралары, шектеу амалдарын Заң аясында атқарып жатқанын атап өткім келеді.

Конституцияның бірінші бабында Республиканың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп жарияланған. Қабылданған оқшаулау шаралары осы қағидатты, яғни елдегі барлық азаматтардың өмірін сақтау үшін жасалған. Бастың саулығы маңызды.

Ата Заңның 39-бабының бірінші тармағына сәйкес, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада азаматтардың құқықтары шектелуі мүмкін.

Конституцияның осы императивті талабын ескере отырып, мемлекет тарапынан қажетті шаралар қолданылып жатыр. Әрине, қоғамдық тірліктің біраз саласы шектеуден зиян шегіп, мүдделік пайдасынан қағажу көріп жатыр. Бизнес, кәсіпкерлік салаларының экономикалық жағдайы күйзеліске түсуде. Дегенмен олар адам амандығынан жоғары емес. Сондықтан ең жоғары құндылық - адам өмірін қорғауға басымдық беру заңды құбылыс және Ата Заң талаптарынан туындайды.

Зардап көлемін азайту және осы қиын уақытта жәрдем беру мақсатында Республика Президентінің бастамасымен азаматтарға, бизнес және басқа да субъектілерге қолдау шаралары жүргізілуде.

2. Өткен жыл Конституциялық Кеңес үшін де тарихи жыл болды. Елімізде билік транзиті өтті, оған сәйкес Кеңес Ата заң бойынша түсініктемелер берді. Сол жұмыстың қорытындысын шығара кетсеңіз.

2019 жыл Қазақстан мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Елімізде жоғарғы биліктің байсалды ауысуы орын алды.

Бұл процестің Ата Заң талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етуге Конституциялық Кеңес өз үлесін қосты.

Республика Президентінің өтініші бойынша Конституцияның 42-бабының 3-тармағына түсіндірме беріліп, Мемлекет басшысы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің қатарына оның өз еркі бойынша отставкаға шығу құқы да кіретіні нақтыланды.

Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның, Кеңестің аталған шешімдерінің және сайлау туралы заңнаманың талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.

3. Соңғы уақыттағы Конституцияның әлеуетін ашу жолында қандай тың бастамаларды атай аласыз?

Уақыт өткен сайын қоғам талабы, өмір сүру салты өзгереді, қоғамдық қатынастар жаңа сапаға бейімделеді. Сондықтан заңдардың өзгеруі, жаңасының қабылдануы қалыпты үрдіс. Ол үрдіс мемлекеттің дамуының жаңа дәуірінде жалғасын табуда. Елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру мемлекеттік құрылыс саласындағы конституциялық нормалардың қолданылуының тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Мысалы, Парламент қарауында митингілер туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Ол Конституцияда көзделген Қазақстан азаматтарының бейбіт митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізу құқығын жүзеге асырудың жеңілдетілген тәртібін бекітуді көздейді. Сонымен қатар, парламенттік оппозицияның мүмкіндіктерін күшейтетін, әйелдер мен жастардың саяси құқықтарын кеңейтетін заң жобалары әзірленді. Бұның бәрі мемлекет пен қоғамды одан әрі демократияландыру процесіндегі жаңа қадамдар. Олар тиісті конституциялық ережелердің өмірге ену деңгейін анағұрлым арттырады.

Конституция стратегиялық құжат ретінде ұзақ мерзімге жасалған үлкен әлеуетке ие Заң. Оның аясында билік тармақтары қажетті жағдайлардың тууына байланысты заңдарды конституцияландыру деңгейін үнемі арттырып отыруы тиіс.

4. Жақында Қазақстанда президенттік институтты бекітуге 30 жыл толды. Конституцияда қарастырылған бұл басқару нысанының қандай ерекшеліктері бар?

Осыдан отыз жыл бұрын, 1990 жылғы 24 сәуірде, Қазақстанның президенттік институты құрылды. Бұл Республикадағы нақты басқарудың барлық тетіктері Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесінде шоғырланған кезде орын алды. Сол тарихи кезеңде мұндай ұстаным дамуға ықпал етпей, керісінше, оны тежеді. Сондықтан Қазақстанда Президенттік институт құрылды. Мемлекет басшысының тікелей басқаруымен атқарушы-өкімдік билікті орталықтандыруға бағыт алынды. Сөйтіп, мемлекет басқару бір жүйеге түсіп, нақты жұмыс істеуге мүмкіндік туды.

Содан бері қазақстандық басқару нысаны қоғам мен мемлекеттің терең жаңғыруы жағдайында белгілі бір эволюция кезеңдерінен өтті. Мемлекетті басқару тетігі жұмысқа қабілетті және тұрақты болып қалыптасты.

Қазақстан Республикасының Президенті – елдің Конституциясына және халықтың сеніміне сүйене отырып, елдің қарыштап дамуына ықпал ететін бүкіл саяси тетіктің өзегіне айналды. Конституциялық реформалардың нәтижесінде президенттік басқару нысаны жетілдіріліп, онда Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі дәйекті түрде күшейе түсті. Дей тұрғанмен мемлекет басшысының саяси үйлестіру және саяси бақылау жөніндегі іргелі функциялары сақталуға тиіс.

Президенттік басқару нысаны мемлекеттің тұрақтылығын, оның функцияларын сапалы орындауын, сондай-ақ құқық үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарына кепіл беруді қамтамасыз етуге әлі де ұзақ уақыт бойы қызмет ететін болады.

Бұл оқиғаға орай "Президенттік басқару нысаны: конституциялық негізі мен саяси практика" атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті. Оған әлемнің үш құрылығындағы бірнеше елдерден белгілі ғалымдары мен конституция саласындағы мамандары қатысты.Түрлі құнды пікірлер айтылды.

5. Биыл Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы атап өтілуде. Оның мәні неде?

Жиырма бес жыл тарих үшін қас қағым сәт болса, бірақ жаңадан дербестік алған мемлекет үшін оны алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосу жолында ғасырға бергісіз жасампаздыққа толы меже. Осы жылдарда мемлекетіміздің конституциялық тұғыры құрылып, басқару механизмі орнықты. Адам құқықтары мен бостандықтары жария етіліп, ел үрейден арылып, өзін тұлға сезініп, бостандық кеңістігінде өмір сүре бастады.

Қазіргі Қазақстандықтар өз талаптарын, мүдделерін кімге болса да, қандай деңгей шеңберінде қоя алады, тұлғалық субъективті көзқарасын жасқанбай білдіреді. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ өте үлкен жетістік. Еркін «мен» дей алатын қауым қалыптасты. Адам жүйенің, басқа бір империяның құлы емес, еркін елдің ұлына айналды. Осындай құқықтық мінез, құқықтық мәдениет пен сананы қалыптастырған және оны жариялаған осы Конституция. Оның 25 жылдығын атап өту бір формалды шара емес, ол кең қауымға өмір сүруде басты құжатың бар, ол сенің қорғаушың, еркіндік, заңдылық кепілің, деп тағы да есіне салу. Ата Заңның құндылық маңызын көтеру, ұлттың мәдениетін қолдап, өркениетке жол сілтеу үшін керек.

Осыны ескере отырып, біз былтырғы жылғы күзден бастап дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Қазан айында Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы Ұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды. Жергілікті атқару органдары өңірлік жоспарларын бекітті. Осының бәрі бұл үрдіске жалпымемлекеттік сипат беріп, жүйелі түрде қызмет етуге мүмкіндік беріп отыр.

6. Осы орайда қандай ірі, мазмұнды іс-шаралар жоспарланған және өткізілуде?

Барлық өңірлерде арнайы шаралар өткізілуде. Жыл басынан облыстарда тақырыптық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да форумдар ұйымдастырылды. Әрине, пандемияға қатысты қазіргі жағдай бұл жұмыстың қарқынына әсер етіп отыр. Бірақ цифрлық технологиялар оны жалғастыруға зор мүмкіндіктер береді. Біз электрондық форматты бұл бағытта пайдаланып жүрміз.

Жоғары оқу орындары студенттері арасында эссе конкурстары өткізіліп, қорытындыланды. Жақында мектеп оқушылары арасында конституциялық құндылықтар жөнінде сурет салу конкурсы аяқталды. Олардың туындыларын біз арнайы жинақ ретінде шығармақпыз. Еліміздің белгілі конституциялық құқық мамандарының, құқық қорғау, сот органдары өкілдерінің қатысуымен дәрістер өткізу жоспарланған.

Медиа-жоспарларға сәйкес, баспасөзде арнайы материалдар жариялануда. Кеңес бірнеше кітап, альбом, жинақтар дайындады.

Президент Жарлығымен мерекелік медаль тағайындалды. Ұлттық банк арнайы монеталар, Қазпошта маркалар әзірлемек.

Негізгі шаралар Конституция Күні қарсаңында болмақ. Тамыздың соңында өтетін халықаралық конференцияға дайындық жүріп жатыр. Конституция аптасы өтпек. Оның аясында тегін заң кеңесін беру, вебинарлар, талқылаулар және басқа да шаралар қарастырылады. Бұл жұмысқа адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, халыққа қызмет көрсету орталықтары тартылады.

7. 2019 жылдың қарашасынан бері Конституциялық Кеңес Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына төрағалық етіп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың тиімділігі неде, бізге не береді?

Қазақи айтсам, адам көршісімен не алам, не пайда табам деп араласпайды. Араласу, қауымдасу өмір сүрудің заңдылығы. Әлемде көптеген елдерде конституциялық әділет жүйесі бар, олар халықаралық құқық аясында жұмыс істейді. Біз де жалпы жұрт таныған халықаралық құқықты құрметтейміз, талабын орындаймыз. Бұл ежелден қалыптасқан әлемдік тәртіп.

Азиялық конституциялық соттар қауымдастығы 2010 жылы Джакартада құрылған. Ол 18 мемлекеттен тұратын тәуелсіз, автономды ұйым. Мақсаты - конституциялық мәселелер бойынша ынтымақтастық орнату. Оның аясында кездесулер, симпозиумдар, семинарлар өткізу, тәжірибе алмасу көзделген. Біз Азия континентіне жататындықтан ортақ ұқсастықтарымыз көп. Осы жылдарда Қауымдастық үш конгресс өткізді. Енді біз төраға ретінде 4-ші Конгресті дайындап жатырмыз.

Азиялықпен қатар, біз Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына да басшылық етудеміз. Оған 9 ел мүше.

Бұндай шаралар еліміздің құқық саласындағы жетістіктерін әлемге танытып, халықаралық беделін көтереді, сырт бізді өркениетке қадам басқан жетілген ел деп мойындауды білдіреді.

8. Биылғы қаңтарда Кеңес ”Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның кей тұстарын Конституцияға сай емес деп таныды. Көпбалалы отбасының бір перзенті ержетіп, өз алдына отау тігіп, үй алса болды, оның әке-шешесі басқа балаларымен бірге жалдамалы пәтерден қуылатын еді. Мұндай кемсітуші заң қалай өтіп кеткен?

Жыл басында Конституциялық Кеңес Алматы қаласы Алатау аудандық сотының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.

Конституциялық Кеңестің бұл отырысы Қазақстанның конституциялық даму үрдісінде елеулі оқиға болып табылады. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі ретінде бірінші рет қатысты.

Өтініште көтерілген мәселе өте маңызды еді, өйткені ол азаматтардың тұрғын-үйге деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

Кеңес аталған баптың дау тудырған нормасын Ата Заңға қайшы деп тапты. Заңның қолданыстағы редакциясы көпбалалы отбасын мемлекеттік тұрғын-үй қорынан жалға алынған пәтерден шығару туралы шешімді барлық отбасы мүшелерінің мүдделерін ескере отырып қабылдауға мүмкіндік бермей, керісінше, олардың тек біреуінің ғана басқа тұрғын үйді алу фактісі бойынша бәрін үйден шығаруға итермеледі.

Конституциялық Кеңес өз шешімінде - жалға алған тұрғын үйді пайдалану кезеңінде азаматтың тұрғын үйге мұқтаждығы үнемі ескерілуі керек екеніне баса назар аударды. Мұндай жағдайды анықтағанда отбасы мүшелерінің саны, жалға алынған және алынған пәтердің алаңы, тұрғын үй беру нормалары назарға алынуы керектігіне назар аударды. Сонымен қатар, бұл норманың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкессіздігін де атап кетті.

Жалпы, заңдарда олқылықтар кездесіп тұрады. Оның Ата заңға сәйкестігін тексеру Кеңестің жұмысы. Кейбір заңды конституциялық талаптарға қайшы деп тану автоматты түрде заң шығарушы органның кәсіби деңгейінің төмендігін білдірмейді. Мемлекет тетігінде Кеңес сияқты органның құрылуы заңнамада сәйкессіздіктердің болуын болжайды және оларды дер кезінде жоюға бағытталған. Сондықтан бұл қалыпты жағдай. Конституциялық Кеңес заңдылықтың Ата Заңға сәйкестігін өз бетімен тексере алмайды. Ол бұл жұмысты тиісті субъектілердің өтініші болғанда ғана қарайды. Осындай өтініштер көп болса, соғұрлым заңнама тазарады, Конституция аясында дамиды.

9. Әлемде Конституциялық сот деген бар, оған азаматтар тікелей шағымдана алады. Заңдардағы олқылықтарды түзеу және дамыған елдер тәжірибесін енгізу үшін бізде де халықпен тікелей жұмыс жасайтын осындай сот құру қажет пе?

Бұл сұрағыңыз кең көлемде жауап беруді талап етеді. Конституциялық бақылау институты екінші дүниежүзілік соғыстан соң, адамзат баласын жәбірлену мен зорлықтан сақтаудың амалы тек Конституция үстемдігі, адам құқы, оның құндылығын паш ету, онымен санасу дағдысын қалыптастыру, қорғау мақсатында құрылған болатын.

Әлемде конституциялық әділет органдарының модельдері көп. АҚШ-та конституциялық қарама қайшылықтарды Жоғарғы сот және штаттық соттар қарайды. Ал Австрия, Германия және басқа да еуропалық мемлекеттерде бұл мәселе конституциялық соттардың құзырына кірсе, Франция, Алжир сияқты елдерде Конституциялық Кеңеске жүктелген. Ауғанстанда Конституцияның орындалуын тексеру жөніндегі тәуелсіз комиссия деген орган бар.

Жалпы осы органдардың барлығы, атауларының айырмашылығына қарамастан, конституциялық бақылау функциясын жүзеге асырады. Олардың мақсаты бір – Ата Заңның үстемдігін және оған заңнама мен құқық қолдану практикасының сәйкестігін қамтамасыз ету.

Сіз айтқандай, біраз елдерде азаматтар Конституциялық сотқа заңның олқылықтарына тікелей шағымдануға құқылы. Бізде тұлғалардың осындай мүмкіншілігі жалпы соттар арқылы жүзеге асырылады. Нақты азаматтық, қылмыстық және басқа да істерді қарау кезінде судья өзі немесе процеске қатысушылардың өтініштері бойынша адамның құқықтарына нұқсан келтіретін заңды конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Кеңеске жүгінуге хақылы. Мойындау керек, Конституциялық Кеңеске өтініш беру қарқыны көңіл толарлықтай емес. Соңғы уақытта жоқтың қасы деуге болады. Ондай жағдайдың қалыптасуына судьялар белсенділігінің төмен деңгейі ғана емес, ұйымдастырушылық проблемалары да ықпалын тигізуде.

Соттар қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажет.

Конституциялық сот идеясына қайта оралсақ, бұл мәселеде органның атауы емес, оларды өз тағайынын тиімді атқаруға қажетті өкілеттіктердің болуы маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, Конституциялық Кеңестің құзыры конституциялық соттардан еш кем емес.

10. Алдымызда мамыр айының мерекелері келе жатыр. Оқырмандарға қандай тілегіңіз бар?

Йә, мамыр айында біз бірнеше айтулы мерекелерді атап өтеміз. Олардың мәні өте зор.

Қазақстан халқының бірлігі күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.

Отан қорғаушы күні - ардагерлеріміз бен бүгінгі сарбаздарымызды қадірлейтін мереке.

Сонымен қатар, биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Ұлы Отан соғысына елімізден 2 миллионға жуық қазақстандық майданға аттанып, жартысы келмей қалды. Ал, қанқұйлы соғыстан аман оралып, әлі күнге дейін арамызда тірі жүрген ардагерлеріміз жылдан-жылға азайып бара жатыр. Ұлы соғысқа қатысқан бабаларымыздың ұмытылмас ерлігіне бас иіп, тағзым етуіміз парыз. Фашизмге қарсы тұрғандардың арасындағы алғашқылардың бірі менің әкем еді. Біз олардың теңдессіз табандылығы мен қаһармандығын ешқашан ұмытпауымыз және насихаттауымыз керек. Ол өскелең ұрпақтың патриотизмін нығайтудың бірден-бір жолы.

Толығырақ: https://abai.kz/post/111404

 

 

 

 

 

183
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ІЗДЕУ


МҰРАҒАТ


БАСТЫ БЕТ
БІЗ ТҰРАЛЫ
БІЛІМ
ШЕТЕЛДIК ТАЛАПКЕРЛЕР
КАФЕДРАЛАР
СТУДЕНТТІК ӨМІР
ФРАНЦИЯДА ОҚУ
ГАЛЕРЕЯ
СЕРІКТЕСТІКТЕР
МАНСАП
ФРАНЦУЗ КУРСТАР
БІТІРУШІЛЕР
БАЙЛАНЫСТАР
ИНТРАНЕТ
ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
© 2017 SORBONNE.KZ